15 қазан, сәрсенбі
Мен Альфа және Омегамын (Аян 1:8).
Альфа — грек әліпбиінің алғашқы әрпі, ал омега — соңғысы. Демек, Ехоба бір істі бастаса, оны міндетті түрде соңына жеткізетінін айтқысы келген. Ехоба Адам мен Хауаны жаратқаннан кейін оларға былай деді: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер” (Мұс. 1-ж. 1:28). Осы ниетін айтқан кезде Ехоба “Альфа” дегендей болды. Ал болашақта Адам мен Хауаның мойынсұнғыш кемелді ұрпақтары жер бетін толтырып, жұмаққа айналдырған кезде Ехобаның ниеті толықтай орындалып, ол “Омега” дегендей болады. “Аспан мен жер және ондағының бәрін жаратқан” соң, Ехоба ниетінің сөзсіз жүзеге асатынына кепілдік берген. Ехоба жетінші күнді адамзат пен жерге қатысты ниеті толықтай орындалып бітетін күн деп белгілеп қойған. Бұл жетінші күннің соңында Ехобаның ниеті міндетті түрде жүзеге асады деген сөз (Мұс. 1-ж. 2:1—3). w23.11 5-б., 13, 14-абз.
16 қазан, бейсенбі
Ехобаға жол даярлаңдар! Құла түз арқылы Құдайымызға тегіс етіп даңғыл жол салыңдар (Ишая 40:3).
Бабыл мен Исраилдің арасындағы жол ауыр болған әрі оны жүріп өтуге шамамен төрт ай кететін. Бірақ Ехоба осы сапарда қандай кедергі болса да, бәрін алып тастайтынын уәде етті. Адал еврейлер болса Исраилге қайту үшін кез келген құрбандыққа баруға дайын болды. Өйткені олар Исраилде Ехобаға емін-еркін ғибадат ете алатындарын ойлады. Ал Бабылда Ехобаға арналған бірде-бір ғибадатхана болмады. Оның үстіне, Мұса Заңы бойынша құрбандық шалайын десе, құрбандық ошағы жоқ, оны шалатын діни қызметкерлер де болмады. Бұған қоса, олардың айналасы толған жалған ғибадат етушілер еді. Олар Ехобаны да, оның заңдарын да пысқырмайтын. Сондықтан Құдайдан қорқатын мыңдаған еврейлер отандарына оралып, таза ғибадатты қалпына келтіруге асықты. w23.05 14, 15-б., 3, 4-абз.
17 қазан, жұма
Жарықтың балаларындай өмір сүріңдер (Ефес. 5:8).
“Жарықтың балаларындай” әрекет ете беру үшін бізге Құдайдың киелі рухы аса қажет. Себебі мына азғын дүниеде таза болып қалу қиын (Сал. 1-х. 4:3—5, 7, 8). Киелі рух бізге Құдайдың көзқарасына қайшы келетін осы дүниелік пікірлерге қарсы тұруға көмектеседі. Сонымен қатар осы рухтың көмегімен біз “әртүрлі игі, әділ” істер жасай аламыз (Ефес. 5:9). Киелі рухты алу үшін оны дұғада сұрауымыз қажет. Иса айтып кеткендей, Ехоба “өзінен сұрағандарға киелі рух беретіні еш шүбәсіз” (Лұқа 11:13). Қауым кездесулерінде бас қосып, Ехобаны мадақтағанда да біз киелі рухқа кенелеміз (Ефес. 5:19, 20). Осылайша киелі рухтың игі әсері бізді Құдайға ұнамды өмір сүруге талпындырады. w24.03 23, 24-б., 13—15 абз.