17 қазан, жұма
Жарықтың балаларындай өмір сүріңдер (Ефес. 5:8).
“Жарықтың балаларындай” әрекет ете беру үшін бізге Құдайдың киелі рухы аса қажет. Себебі мына азғын дүниеде таза болып қалу қиын (Сал. 1-х. 4:3—5, 7, 8). Киелі рух бізге Құдайдың көзқарасына қайшы келетін осы дүниелік пікірлерге қарсы тұруға көмектеседі. Сонымен қатар осы рухтың көмегімен біз “әртүрлі игі, әділ” істер жасай аламыз (Ефес. 5:9). Киелі рухты алу үшін оны дұғада сұрауымыз қажет. Иса айтып кеткендей, Ехоба “өзінен сұрағандарға киелі рух беретіні еш шүбәсіз” (Лұқа 11:13). Қауым кездесулерінде бас қосып, Ехобаны мадақтағанда да біз киелі рухқа кенелеміз (Ефес. 5:19, 20). Осылайша киелі рухтың игі әсері бізді Құдайға ұнамды өмір сүруге талпындырады. w24.03 23, 24-б., 13—15 абз.
18 қазан, сенбі
Сұрай беріңдер, сонда беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда ашылады (Лұқа 11:9).
Шыдамдылығыңызды шыңдағыңыз келе ме? Онда шыдамдылық сұрап дұға етіңіз. Шыдамдылық киелі рухтың жемісіне жатады (Ғал. 5:22, 23). Сондықтан осы қасиетті бойымызда дамыту үшін Ехобадан киелі рух сұрап дұға етсек болады. Шыдамдылығымыз сынға алынған жағдайларда Ехобадан “сұрай беретін” болсақ, киелі рух бізге шыдамды болуға көмектеседі (Лұқа 11:13). Сонымен қатар біз Ехобадан жағдайға оның көзқарасымен қарауға көмектесуін сұрай аламыз. Ал кейін, дұғамызға сай, әр күні сабырлы болуға барынша тырысқанымыз жөн. Біз неғұрлым шыдамдылық сұрап дұға етіп, күш сала берсек, соғұрлым бұл қасиет жүрегімізде тамыр жайып, болмысымыздың бір бөлігіне айналып кетеді. Киелі кітаптағы үлгілер жайлы ой жүгірткеніміз де шыдамды болуға көмектеседі. Киелі кітапта шыдамдылық танытқан адамдардың оқиғалары көп. Солардың үлгілерін ой елегімізден өткізсек, шыдамдылық танытудың жолдарын үйренеміз. w23.08 22, 23-б., 10, 11-абз.
19 қазан, жексенбі
Суға ау салыңдар (Лұқа 5:4).
Иса Петірге Ехобаның оны қамқорлайтынын көрсетті. Қайта тірілген соң ол Петір мен басқа елшілеріне тағы бір керемет жасап, олар өте көп балық ұстады (Жох. 21:4—6). Осы кереметтен Петір Ехоба оның қажеттілігін қамдап, нан-сусыз қалдырмайтынын түсінді. Сол кезде Исаның “Құдай Патшалығын... әрдайым бірінші орынға қойсаңдар”, қалғанын Ехоба қамдайды деген сөздері ойына келген шығар (Мат. 6:33). Содан кейін Петір балық аулау кәсібіне емес, қызметіне басымдық беруді шешті. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында ол батыл уағыздап, мыңдаған адамның шындыққа келуіне көмектесті (Ел. іс. 2:14, 37—41). Кейін оның атсалысуымен көптеген самариялықтар мен басқа ұлт адамдары Мәсіхтің соңынан ерді (Ел. іс. 8:14—17; 10:44—48). Осылайша Ехоба Петірді қолданып, әртүрлі адамдарды қауымға қосты. w23.09 20-б., 1-абз.; 23-б., 11-абз.