26-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық
Беймәлім жайттарға келгенде, қарапайым болайық
“Құдірет Иесін біз толық танып-біле алмаймыз” (ӘЙҮП 37:23).
НЕГІЗГІ ОЙ
Беймәлім жайттарға келгенде қарапайым болып, мәлім жайттарға көбірек назар аударғанымыз әрі Ехобаға сенім артқанымыз маңызды.
1. Ехоба бізге қандай қабілет берген және неге?
ЕХОБА бізге тамаша қабілет берген. Біз ойлана аламыз, білімімізді толықтырып, түсінігімізді тереңдете аламыз, сондай-ақ сол білгендерімізді іске асырып, кәдеге жарата аламыз. Мұндай қабілетті Ехоба бізге не үшін берді? Ол біздің ізденіп, ол туралы білімді тапқанымызды қалайды. Сондай-ақ қасиетті қызметімізді “ақыл-ойымызды іске қосып” атқарса екен дейді (Нақ. с. 2:1—5; Рим. 12:1).
2. а) Бізде қандай шектеу бар? (Әйүп 37:23, 24) (Суретті де қараңыз.) ә) Бәрін біле бермейтінімізді мойындағанымыз неге маңызды?
2 Ехоба бізге тамаша қабілет берсе де, бізде бір шектеу бар: біз барлық жайтты біле бермейміз (Әйүп 37:23, 24 оқыңыз). Мысалы, Әйүпті еске алайықшы. Ехоба сұрақтар жаудырған кезде, ол өзінің көп нәрсе білмейтінін түсінді. Осы жағдайдан кейін ол кішірейіп, өзінің бұрыс ойын түзеді (Әйүп 42:3—6). Біздің де Әйүп сияқты барлық жайтты біле бермейтінімізді мойындағанымыз жөн. Осылай қарапайымдылық танытсақ, дұрыс әрекет ету үшін нені білуіміз қажет болса, Ехоба соны ашатынына сенімді боламыз (Нақ. с. 2:6).
Әйүп сияқты біз де бәрін біле бермейтінімізді қарапайымдылықпен мойындайық (2-абзацты қараңыз)
3. Бұл мақалада не қарастырамыз?
3 Бұл мақалада бізге беймәлім бірнеше жайтқа назар аударамыз. Сондай-ақ оларды білмейтініміздің кемшіліктері мен артықшылықтарына тоқталамыз. Бұл мақала “кемелді білім Иесі” Ехобаға деген сенімімізді арттырып, ол білуіміз қажет жайттарды міндетті түрде ашатынына көзімізді жеткізеді (Әйүп 37:16).
ОСЫ ДҮНИЕНІҢ АҚЫРЫ ҚАШАН КЕЛЕТІНІ БЕЙМӘЛІМ
4. Матай 24:36-ға сай, біз нені білмейміз?
4 Матай 24:36 оқыңыз. Біз осы дүниенің ақыры қашан келетінін білмейміз. “Сол күн мен сағатты” кезінде Исаның өзі де білмегенa. Кейінірек Иса елшілеріне ненің қашан болатынын шешу “Әкесінің құзырында” екенін айтқан (Ел. іс. 1:6, 7). Осы дүниенің ақыры келетін күнді Ехоба нақты белгілеп қойған. Алайда сол күн мен сағатты білуге біз құзырлы емеспіз.
5. Осы дүниенің ақыры қашан келетінін білмейтініміздің кемшілігі қандай?
5 Осы дүниенің ақыры қашан келетінін білмейтіндіктен, әлі қанша уақыт күту керектігін де білмейміз. Сол үшін шыдамдылық таныту кейде оңай емес. Әсіресе бұл күнді ұзақ жылдан бері күтіп жүрсек не туған туыстарымыздың күлкі-мазағына қалып жүрген болсақ, шыдамымыз таусылып, ұнжырғамыз түсуі мүмкін (Пет. 2-х. 3:3, 4). Бәлкім, “шіркін сол күнді нақты білсем ғой, сонда күту де, өзгелердің күлкі-мазағына шыдау да оңайырақ болар еді” дейтін шығармыз.
6. Осы дүниенің ақыры қашан келетінін білмейтініміздің артықшылығы қандай?
6 Ехоба осы дүниенің ақыры қашан келетінін нақты айтпағанының бір керемет артықшылығы бар: біз Ехобаны жақсы көретінімізді, оған толық сенім артатынымызды дәлелдей аламыз. Негізі, біз Ехобаға нақты бір уақытқа дейін ғана емес, мәңгілік бойы қызмет еткіміз келеді ғой. Ендеше, Ехобаның күні қашан келетініне емес, сол күн келген соң не болатынын көбірек ойлайық. Сонда біз Ехобаға деген сенімімізді үнемі нығайтып, оны қуанту үшін қолымыздан келгеннің бәрін істей береміз (Пет. 2-х. 3:11, 12).
7. Бізге қандай жайттар мәлім?
7 Біз беймәлім жайттарды емес, өзімізге мәлім жайттарды көбірек ойлағанымыз жөн. Мысалы, біз соңғы күндер 1914 жылы басталғанын білеміз. Ехоба осы жылды анықтауға көмектесетін пайғамбарлықтарды ғана емес, сол кезең басталғанда дүниенің ахуалы қалай өзгеретінін де егжей-тегжейлі айтқан. Соңғы күндер басталып қойғанын нақты білгендіктен, “Ехобаның ұлы күні жақын” екеніне сенімдіміз (Соф. 1:14). Тағы бір білетініміз, Ехоба бізге маңызды іс тапсырған. Ол біздің мүмкіндігінше көп адамға Патшалық жайлы ізгі хабарды айтқанымызды қалайды (Мат. 24:14). Бүгінде бұл хабар шамамен 240 елде 1000-нан астам тілде жарияланып жатыр. Бұл шұғыл істі құлшыныспен атқару үшін “сол күн мен сағатты” білудің еш қажеті жоқ.
ЕХОБА БІЗГЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕТІНІ БЕЙМӘЛІМ
8. Біз Құдайдың істерін толық біле аламыз ба? Түсіндіріңіз. (Уағыздаушы 11:5)
8 Уағыздаушы 11:5 оқыңыз. Біз Құдайдың істерін әрдайым біле бермейміз. Мысалы, Ехоба өз ниетін жүзеге асыру үшін қандай жайттарға жол беретінін де, бізге қалай көмекке келетінін де нақты білмейміз (Зәб. 37:5). Уағыздаушы 11:5-те құрсақтағы баланың қалай дамитынын білмейтініміз айтылған. Бұны тіпті ғалымдардың өзі әлі күнге дейін толық түсіне алмай келеді. Тура солай, біз де Ехобаның істерін толық біле алмаймыз.
9. Ехоба бізге қалай көмектесетінін білмейтініміздің кемшілігі қандай?
9 Ехобаның бізге қалай көмектесетінін нақты білмейтіндіктен, шешім қабылдағанда екіойлы болып жатамыз. Мысалы, қызмет аясын кеңейту үшін өмірімізді қарапайым етуден не жариялаушылар қажет жерлерге көшіп барудан тартынуымыз мүмкін. Сондай-ақ рухани мақсаттарымызға жете алмасақ немесе аянбай атқарған қызметіміз жеміссіз көрінсе, я болмаса ұйымдағы жобалар алға баспай жатса, бірден Ехобаның ықыласынан айырылып қалдық деп уайымдап қаламыз.
10. Ехоба бізге қалай көмектесетінін білмейтініміздің артықшылығы қандай?
10 Ехобаның бізге қалай көмектесетінін білмейтініміздің бір артықшылығы — қарапайымдылық пен кішіпейілділік сияқты қасиеттерді дамыта аламыз. Бұл қасиеттерді дамытқанымыз қаншалықты маңызды? Қарапайым әрі кішіпейіл болсақ, Ехоба бізге қарағанда жағдайды әлдеқайда жақсы білетінін мойындаймыз (Ишая 55:8, 9). Ехобаға толық сенім артуды үйренеміз және оның арқасында ғана ісіміз алға басатынын түсінеміз. Сондықтан уағызда не ұйымда қандай да бір жетістікке жетіп жатсақ, бірден Ехобаны мадақтаймыз (Зәб. 127:1; Қор. 1-х. 3:7). Ал жағдай біз күткендей болмаса, Ехоба бәрін қадағалап отырғанын есте ұстаймыз (Ишая 26:12). Ехоба өз тарапынан қажеттінің бәрін істейтініне сенім артып, қолдан келгеннің бәрін жасай береміз. Әрине, Ехоба ежелдегідей өз қызметшілеріне керемет жолмен көмектеседі деп күтпейміз. Бірақ ол бізге қажетті бағыт-бағдар мен көмек беретініне нық сенімдіміз (Ел. іс. 16:6—10).
11. Бізге қандай маңызды жайттар мәлім?
11 Біз Ехобаның сүюші, әділ, дана Құдай екенін білеміз. Ол өзінің қызметшілерін де, олардың еңбектерін де жоғары бағалайды. Өзінің адал қызметшілеріне ол міндетті түрде сый береді (Евр. 11:6).
ЕРТЕҢ НЕ БОЛАТЫНЫ БЕЙМӘЛІМ
12. Жақып 4:13, 14-ке сай, біз нені білмейміз?
12 Жақып 4:13, 14 оқыңыз. Біз ертең не болатынын білмейміз. Осы дүниеде біз “қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайлардан” ешқайда қашып құтыла алмаймыз (Уағ. 9:11). Сондықтан жоспарларымыз іске аса ма, жоқ па, сол уақытқа дейін тірі жүреміз бе, жүрмейміз бе — оны кесіп айта алмаймыз.
13. Ертең не болатынын білмейтініміздің кемшілігі қандай?
13 Ертеңгі күні не болатынын білмегеніміз өмірімізді қиындатып жатады. Ертең не болар екен деген ой бізді уайымға салады, ал уайым адамды қуаныштан айырады. Айтпай келген апаттар мен оқыс жағдайлар бізді қайғыға душар етеді. Күткен нәрсеміз болмай қалғанда да көңіліміз қалып, ұнжырғамыз түседі (Нақ. с. 13:12).
14. Ертең не болатынын білмейтініміздің артықшылығы қандай және біздің бақытымыз не нәрсеге тәуелді? (Суреттерді де қараңыз.)
14 Күтпеген қиындықтарға мойымай төтеп берсек, көктегі Әкемізге өз қара басымыз үшін емес, оны сүйгендіктен қызмет ететінімізді дәлелдейміз. Киелі кітаптан білетініміздей, Ехоба өз қызметшілерін бар пәле-жаладан қорғамайды және өмірлері қандай болатынын алдын ала белгілеп қоймайды. Ертеңгі күні не болатынын білгеннен біз бақытты болып кетпейміз. Ехоба да мұны жақсы біледі (Ерм. 10:23). Бақытымыз бір ғана нәрсеге тәуелді: бақытты болғымыз келсе, Құдайдан бағыт-бағдар сұрап, оған мойынсұнуымыз керек. Ендеше, шешім қабылдарда Құдайды ескеріп: “Ехобаның қалауы болса, аман жүріп, мынаны не ананы істейміз”,— дегеніміз жөн (Жақ. 4:15).
Ехобадан бағыт-бағдар сұрап, соларға мойынсұну — біз үшін қорғаныш (14, 15-абзацты қараңыз)b
15. Болашаққа қатысты бізге не мәлім?
15 Күні ертең не болатынын білмесек те, болашағымызды анық білеміз. Ехоба қызметшілерінің мәңгі өмір сүретінін уәде еткен. Ал Ехоба — “өтірік айта алмайтын Құдай”, оған өз уәделерін жүзеге асыруға ештеңе де кедергі бола алмайды (Тит. 1:2). Тек Ехоба ғана “әуел бастан істің ақыры қандай болатынын айтады, әлі болмаған жайттарды ұзақ уақыт бұрын алдын ала жеткізеді” (Ишая 46:10). Бұл сөздердің растығы бұрында да дәлелденген, болашақта да дәлелденеді. Тағы бір білетініміз, Ехобаның сүйіспеншілігінен бізді ештеңе де айыра алмайды (Рим. 8:35—39). Басымызға қандай күн тумасын, Ехоба бізге даналығы мен күшін береді, қажет кезде жұбатады. Ендеше, Ехоба бізге көмектесетініне, жарылқап, батасын беретініне еш күмәнданбайық (Ерм. 17:7, 8).
ЕХОБА БІЗДІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖАҚСЫ БІЛЕТІНІН ТҮСІНУГЕ АҚЫЛЫМЫЗ ЖЕТПЕЙДІ
16. Зәбүр 139:1—6 тармақтардан көретініміздей, біздің нені түсінуге ақылымыз жетпейді?
16 Зәбүр 139:1—6 оқыңыз. Жаратушымыз Ехоба біздің неден жаратылғанымызды жақсы біледі. Басымыздан өткен жағдайлар бізді қалай қалыптастырғаны да оған мәлім. Ехоба бізді әрдайым өз назарында ұстайды. Не айтамыз, қандай ниетпен айтамыз, не істейміз, не үшін істейміз — бұның бәрін ол көріп отырады. Дәуіт патша Ехоба қызметшілерін мұқият бақылап отыратынын және оның назарынан ештеңе таса қалмайтынын жақсы сипаттаған. Сол үшін ол: “Мені қаншалықты жақсы білетініңе қайранмын, Мұны түсінуге ақылым жетпейді”,— деген (Зәб. 139:6). Ойлап көріңізші, бүкіл әлемнің Әміршісі, көк пен жерді жаратқан Құдайдың өзі сізге көз қырын салып жүреді!
17. Ехоба бізді өте жақсы білетініне сену неге қиын болуы мүмкін?
17 Қандай отбасында өскеніміз, шыққан ортамыз, бұрын ұстанған дініміз Құдайға қатысты көзқарасымызға әсер еткен болуы мүмкін. Сондықтан біздің өміріміз Ехобаны қызықтыратынына сену қиын болып жатады. Кейбіріміз “бұрын жасаған күнәларым тым ауыр, мен сияқтыларға Ехоба жүзін бұрып та қарамайды” деп ойлайтын шығармыз. Бір кездері Дәуіт патша да сондай ойда болған (Зәб. 38:18, 21). Ал Құдайдың заң-талаптарына сай өзгере алмай жатсақ, “Ехоба мені соншалықты жақсы білсе, қолымнан келмейтін нәрсені менен не үшін талап етеді?” деп ойлауымыз мүмкін.
18. Ехоба бізді өзімізден де жақсы білетінін түсінгеніміз қаншалықты маңызды? (Суреттерді де қараңыз.)
18 Ехоба бізді өзімізден де жақсы білетінін, өзімізге байқалмайтын жақсы тұстарымызды көретінін түсініп, соны қабылдай білуіміз керек. Әрине, ол кемшіліктерімізді байқамайды емес, байқайды. Бірақ сол қателіктерді не үшін жасайтынымызды да өте жақсы түсінеді (Рим. 7:15). Ехоба бізді жақсы көреді және жақсара алатынымызға нық сенеді. Осыны түсінсек қана, біз Ехобаға адал қызмет етуге және мұны қуанышпен істеуге талпынамыз.
Ехобаның бейқам болашақ сыйлаймын деген уәдесі күтпеген қиындықтарға мойымауға күш береді (18, 19-абзацты қараңыз)c
19. Біз Ехоба жайлы нені білеміз?
19 Біз “Құдай — сүйіспеншілік” екенін білеміз және бұған титтей де күмәнданбаймыз (Жох. 1-х. 4:8). Ехобаның сүйіспеншілігін заң-талаптарынан айқын көреміз. Оның әрбір заңынан бізге тек жақсылық тілейтінін көреміз. Тағы бір нақты білетініміз, Ехоба біздің мәңгі өмір сүргенімізді қалайды, ол үшін тіпті төлем беріп те қойды. Ехобаның осындай аса құнды сый бергені кемелсіз адам оның ықыласына ие бола алатынын дәлелдейді емес пе?! (Рим. 7:24, 25). Біз тағы мына маңызды жайтты білеміз: “Құдай жүрегімізден жоғары әрі ол бәрін біледі” (Жох. 1-х. 3:19, 20). Иә, Ехоба біз жайлы бәрін біледі және оның еркін орындау қолымыздан келетініне де сенеді.
20. Уайымға салынбауға бізге не көмектеседі?
20 Қандай да бір жайтты білуіміз қажет болса, Ехоба мұны өз уақытында ашады. Біздің мұны қарапайымдылықпен қабылдағанымыз маңызды. Құзырымызға кірмейтін жайттарды ойлап, бекерден-бекер уайымға салынбайық. Қайта, қазіргі уақытта маңызды болып тұрған жайттарға баса назар аударайық. Осылай біз “кемелді білімнің Иесі” Ехобаға толық сенім артатынымызды көрсетеміз (Әйүп 36:4). Рас, қазір біліміміз де, түсінігіміз де шектеулі. Бірақ жаңа өмірде біз Ехобадан мәңгілік бойы білім аламыз. Сондай-ақ Ұлы Құдайымызды мәңгі бақи тани береміз (Уағ. 3:11).
104-ӘН Киелі рух — Құдайдың сыйы
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Аяқасты жағдайларға дайын болу үшін, ер бауырлас ұлымен бірге дабыл сөмкесіне қажетті заттарды салып жатыр.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Еңсесі түскен ер бауырлас жұмақтағы бақытқа толы өмір жайлы ойланып отыр.