9 тамыз, сенбі
Кім менің соңымнан ергісі келсе, өзінен бас тартып, күн сайын азап бағанасын алып, ұдайы соңымнан еріп жүрсін (Лұқа 9:23).
Бәлкім, сіз отбасыңызда қарсылыққа кезіккен шығарсыз немесе Патшалықты бірінші орынға қою үшін көп ақша табудан бас тартқан боларсыз (Мат. 6:33). Кезіккен қиындықтарыңызға қарамастан, оған адал болып жүргеніңізді Ехоба көріп тұр (Евр. 6:10). Исаның мына сөздерінің растығына сіз де көз жеткізген шығарсыз. Ол былай деген еді: “Кім мен үшін және ізгі хабар үшін үй-жайын, бауырларын, әпке-қарындастарын, әкесін не шешесін, бала-шағасын не танабын қалдырса, оған қазіргі уақытта қуғын-сүргін көрумен қатар, үй-жай, бауыр, әпке-қарындас, шеше, бала-шаға, танап жүз есе артығымен беріледі, ал келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады” (Мар. 10:29, 30). Расымен де, ие болған баталарыңыз құрбан еткен нәрселеріңізден әлдеқайда көп (Зәб. 37:4). w24.03 9-б., 5-абз.
10 тамыз, жексенбі
Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер (Нақ. с. 17:17).
I ғасырда Яһудея жерін қатты аштық жайлаған кезде Антиохия қаласындағы мәсіхшілер “әрқайсысы өз шамасына қарай Яһудеяда тұратын бауырластарына жәрдем жіберуді шешті” (Ел. іс. 11:27—30). Яһудея тым алыс жер болса да, бауырластарына қол ұшын созуға бұл еш кедергі болмады (Жох. 1-х. 3:17, 18). Біз де бауырластардың қандай да бір апатқа я төтенше жағдайға ұшырағанын естісек, жанашырлық танытып, көмектесуге асық болайық. Ол үшін ақсақалдарға жолығып, көмектесу шарасына қалай атсалыса аламын деп сұрасаңыз болады немесе дүниежүзілік іске садақа жасасаңыз да, сол бауырластар үшін дұға етсеңіз де болады. Бауырластар тіпті тіршілікке ең қажетті нәрселердің өзіне зәру болып қалуы мүмкін. Сондықтан сол кезеңде де барынша жанашыр болғанымыз маңызды. Сонда Патшамыз Иса Мәсіх адамзатты соттауға келгенде, бізді “Патшалығын мұра етуге” лайықты деп табады (Мат. 25:34—40). w23.07 4-б., 9, 10-абз.; 6-б., 12-абз.
11 тамыз, дүйсенбі
Сендердің есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын (Філіп. 4:5).
Иса да Ехобаға ұқсап иліккіш болған. Ол, негізінен, тек “Исраил үйінің жоғалған қойларына жіберілген” еді. Бірақ осы тапсырманы атқара жүріп, ол иліккіш болды. Мысалы, бірде өзге ұлттың әйелі “жын буып, қатты қиналып жатқан” қызын сауықтыруды өтінгенде, Иса жаны ашып, оның тілегін орындады (Мат. 15:21—28). Тағы бір жағдайды келтірейік. Қызметі басталғанда Иса: “Менен танған әркімнен... мен де танамын”,— деген болатын (Мат. 10:33). Ал кейін Петір одан үш рет танып кеткенде, Иса одан теріс айналды ма? Жоқ, өйткені ол Петірдің шын өкінгенін және сенімін көрді. Қайта тірілген соң Петірге көрінгенде, ол оны әлі де жақсы көретінін және кешіргенін білдірді (Лұқа 24:33, 34). Ехоба мен Иса — иліккіш. Ал біз ше? Ехоба бізге де иліккіш болыңдар дейді. w23.07 21-б., 6, 7-абз.