Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w23 мамыр 8—13 бет.
  • Ехоба дұғамызға қалай жауап береді?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба дұғамызға қалай жауап береді?
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЕХОБА БІЗ ОЙЛАҒАНДАЙ ЖАУАП БЕРМЕУІ МҮМКІН
  • ЕХОБАНЫҢ ДҰҒАЛАРЫМЫЗҒА БЕРЕТІН ЖАУАПТАРЫ
  • ЕХОБАНЫҢ ЖАУАБЫН КӨРУГЕ ӘРІ ҚАБЫЛДАУҒА СЕНІМ КЕРЕК
  • Құдайға дұға арқылы жақында
    Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?
  • Алғы сөз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (көпшілікке арналған). 2021
  • Ехоба дұғаларыма жауап бере ме?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Құдайға дұға айту мәртебесі
    Киелі жазбалардан не білеміз?
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
w23 мамыр 8—13 бет.

21-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба дұғамызға қалай жауап береді?

“Сұрағанымызды алатынымызды да білеміз, өйткені одан сұрадық” (ЖОХ. 1-Х. 5:15).

41-ӘН Ести көр мені деп өтінем

АҢДАТПАa

1, 2. Бізді қандай ой мазалауы мүмкін?

“ЕХОБА менің дұғаларыма жауап бермей жатқан сияқты” деп ойлағансыз ба? Мұндай ой қиын жағдайға душар болған бауырластардың көбісін мазалайды. Жанымыз қиналып жатқанда, Ехобаның дұғаларымызға қалай жауап беріп жатқанын көру оңай болмауы мүмкін.

2 Ендеше, Ехоба өз қызметшілерінің дұғаларына жауап беретініне неліктен сенімді бола алатынымызды білейік (Жох. 1-х. 5:15). Сонымен қатар мына сұрақтарға да жауап аламыз: неліктен кейде Ехоба дұғамызға жауап бермей жатқандай көрінеді? Бүгінгі таңда Ехоба дұғаларымызға қалай жауап береді?

ЕХОБА БІЗ ОЙЛАҒАНДАЙ ЖАУАП БЕРМЕУІ МҮМКІН

3. Неліктен Ехоба бізді оған дұға етуге шақырады?

3 Ехоба бізді қатты сүйетіні және аса бағалайтыны Киелі жазбалардан анық көрінеді (Хаг. 2:7; Жох. 1-х. 4:10). Сондықтан да Ехоба бізді одан көмек сұрап, дұға етуге шақырады (Пет. 1-х. 5:6, 7). Ол бізге онымен қарым-қатынасымызды сақтап қалуға және қиындықтарға төтеп беруге көмектескісі келеді.

Дәуіт арфа ұстап отырған жерінен найзадан жалтарып қалды.

Ехоба Дәуітті жауларынан құтқарып, дұғаларына жауап берді (4-абзацты қараңыз)

4. Ехоба қызметшілерінің дұғасына жауап беретінін қайдан білеміз? (Суретті де қараңыз.)

4 Киелі кітапта Ехоба қызметшілерінің дұғасына жауап берген жағдайлар өте көп. Мысалы, қай жағдай сіздің есіңізге түсіп отыр? Бәлкім, Дәуіт патша шығар. Оның көзін құртқысы келген дұшпандары көп болған. Бірақ ол Ехобаға дұға етіп, көмек сұрайтын. Дәуіт бірде: “Уа, Ехоба, дұғамды ести көрші, Жалбарынған үніме құлақ түрші. Адалдығың мен әділдігіңе сай маған жауап берші”,— деп жалбарынған (Зәб. 143:1). Ал Ехоба оны құтқарып, дұғасына жауап беріп отырған (Сам. 1-ж. 19:10, 18—20; Сам. 2-ж. 5:17—25). Сол себепті ол: “Ехоба өзін шақыратындардың бәрінің қасында”,— деп нық сеніммен айтқан. Біз де бұған сенімді бола аламыз (Зәб. 145:18).

Елші Пауыл Ехобаға жалбарынып отыр.

Ехоба Пауылға төзуге күш беруімен жауап берді (5-абзацты қараңыз)

5. Ехоба ежелдегі қызметшілерінің дұғасына тура өздері күткендей жауап берген бе? Мысал келтіріңіз. (Суретті де қараңыз.)

5 Ехоба дұғамызға біз ойлағандай жауап бермеуі мүмкін. Мысалы, елші Пауыл Ехобадан “тәніне қадалып тұратын тікенді” алып тастауын сұраған. Ол осы азабынан құтқаруды сұрап, үш рет жалбарынады. Алайда Ехоба оның дұғасына басқаша жауап берді. Ол Пауылдың қиындығын алып тастаған жоқ, бірақ әрі қарай да адал қызмет ете беруге күш берді (Қор. 2-х. 12:7—10).

6. Неге кейде Ехоба дұғамызға жауап бермей жатқандай көрінеді?

6 Ехоба бізге де өзіміз күткендей емес, басқаша жауап беруі мүмкін. Десе де ол бізге көмектесудің ең жақсы жолын білетініне сенімді болайық. Ехоба тіпті “біз сұраған не ойлаған нәрселердің бәрінен әлдеқайда көп нәрсе істей алады” (Ефес. 3:20). Сондықтан оның жауаптары біз күткен уақытта не біз ойлаған жолмен берілмеуі мүмкін.

7. Неге кейде дұғамызды өзгерту керек болады? Мысал келтіріңіз.

7 Ехобаның бізден не қалайтынын анығырақ түсінгенде, дұғамыздың мазмұнын өзгерту керек болатын шығар. Бұны Мартин Петцингер бауырластың оқиғасынан көреміз. Үйленгеннен кейін көп ұзамай ол нацистік концлагерьге қамалады. Басында ол: “Ехоба, мені мына жерден алып шықшы. Әйеліммен бірге болайын, уағыз қызметін қайта жандандырайын”,— деп дұға етеді. Содан арада бір апта өтеді, екі апта өтеді, бірақ азаттықтың бірде-бір нышаны байқалмайды. Кейін ол: “Ехоба, өз қалауыңды білдіре көрші”,— деп дұға ете бастайды. Сосын жан-жағына қарап, өзі сияқты ер бауырластардың қандай халде жүргенін ойлайды. Олар да әйелдерін, балаларын қатты уайымдап жүргенін байқайды. Сөйтіп, Петцингер бауырлас былай деп дұға етеді: “Ехоба, сен мені жаңа қызметке тағайындапсың ғой! Бауырластарыма тірек болайын, ал сен маған күш бере көр”. Ол 9 жыл бойы концлагерьде ер бауырластарға рух беріп, жігерлендіріп жүрді!

8. Біз дұға айтқанда нені ұмытпауымыз керек?

8 Біз Ехобаның өз ниеті бар екенін және оны өзі белгілеген уақытта жүзеге асыратынын ұмытпауымыз керек. Осы ниетіне табиғи апаттар, ауру мен өлім сияқты адамзатқа қасірет әкеп жатқан қиындықтардың бәрін біржолата жою кіреді. Ехоба мұны өзінің Патшалығы арқылы орындайды (Дан. 2:44; Аян 21:3, 4). Бірақ сол уақыт келгенше, ол Шайтанның билік етуіне жол беріп отырb (Жох. 12:31; Аян 12:9). Ендеше, Ехоба адамдардың қиындықтарын қазір шешіп беретін болса, онда Шайтанның билігі жақсы билік болып көрініп қалмай ма? Сондықтан Ехоба барлық уәделерін жүзеге асырмайынша, бізге күту керек. Бірақ Ехоба бізді жалғыз тастап кетпейді. Оның қалай көмектесетінін келесі абзацтардан білейік.

ЕХОБАНЫҢ ДҰҒАЛАРЫМЫЗҒА БЕРЕТІН ЖАУАПТАРЫ

9. Ехоба бізге дұрыс шешім қабылдауға қалай көмектеседі? Мысал келтіріңіз.

9 Даналық береді. Ехоба бізге дұрыс шешім қабылдау үшін даналық беремін деп уәде еткен. Оның даналығына әсіресе бүкіл өмірімізге әсер ететін шешім қабылдарда мұқтажбыз. Мысалы, неке құруды не салтбасты болып қалуды таңдағанда (Жақ. 1:5). Мария деген қыз бауырлас тұрақты ізашарлықтың қызығына батып, уайымсыз күн кешіп жүредіc. Кейін ол бір ер бауырласты кездестіреді. Мария былай деп сырын шертті: “Таныстығымыз жалғасқан сайын, бір-бірімізге бауыр бастық. Бір шешімге келуім керектігін түсінгендіктен, Ехобаға көп рет жалбарына дұға еттім. Одан даналық сұраумен болдым, бірақ ол мен үшін шешім қабылдап бермейтінін де түсіндім”. Ехоба оған даналық сыйлап, дұғасына жауап берді. Қалай дейсіз бе? Ол әдебиеттерімізді ақтарып, сұрақтарына жауап беретін мақалалар тапты. Сондай-ақ Ехобаға адал анасымен де ақылдасты. Соның арқасында Мария ақылы мен сезімін таразылап, дұрыс шешім қабылдады.

Босқындар лагеріндегі ер бауырлас Киелі кітап оқып отыр.

Қиындықта Ехоба бізге қалай күш береді? (10-абзацты қараңыз)

10. Філіпіліктерге 4:13-ке сай, Ехоба қызметшілеріне қалай көмектеседі? Мысал келтіріңіз. (Суретті де қараңыз.)

10 Төзуге күш береді. Елші Пауылға күш-қуат берген Ехоба бізге де қиындыққа төзуге көмектеседі (Філіпіліктерге 4:13 оқыңыз). Бұның бір дәлелі — Бенджамин бауырластың оқиғасы. Ол жастық шағының көбісін отбасымен бірге Африкадағы босқындар лагерінде өткізген. “Мен Ехобаға талмай дұға етумен болдым. Саған ұнамдыны істеуге күш берші деп сұрадым. Ол болса көңіліме тыныштық сыйлады, уағыздауға батылдық берді және рухани мықты болып қалуым үшін әдебиеттермен қамдады. Куәгерлердің өмірбаяндарын, Ехоба оларға қалай көмектескенін оқығанда, бойыма жігер құйылып, адалдық сақтауға деген шешімім беки түсетін”,— дейді Бенджамин.

Ехоба сізге көмектесу үшін бауырластарды қалай қолданды? (11, 12-абзацтарды қараңыз))d

11, 12. Ехоба рухани отбасымыз арқылы дұғаларымызға қалай жауап береді? (Суретті де қараңыз.)

11 Рухани отбасымызды қолданады. Өлер алдындағы түні Иса Ехобаға жан-тәнімен жалбарынып дұға етеді. “Құдайға тіл тигізді” деп айыпталудан сақтауын өтініп сұрайды. Алайда Ехоба оған басқаша жауап береді. Оған көктегі бауырларының бірін жіберіп, дем береді (Лұқа 22:42, 43). Ехоба бізге де бауырластардың бірін жіберіп, дем беріп, нығайта алады. Барлығымыз да бауырластарымызды “жақсы сөзімізбен” қолдап-қуаттап жүрсек болады (Нақ. с. 12:25).

12 Мириям деген әйел бауырластың жағдайын алайықшы. Оның күйеуі қайтыс болған еді. Бірнеше аптадан кейін, үйде жалғыз қалғанда, Мириям өзін қоярға жер таппай, қатты түңіліп, күйзеліске түсіп кетеді. Көзінен жас саулап ағып, тоқтамай жылайды. Мұңын шағатын біреуге зар болады. “Біреуге хабарласып, қоңырау шалатындай мұршам болмады, сондықтан дұға айттым. Осылай Ехобаға көз жасымды төгіп, жылап отырғанымда, телефоным шыр ете қалды. Сөйтсем, ол ақсақал болып қызмет ететін бір досым екен”,— дейді Мириям. Бұл ақсақал мен оның әйелі Мириямның жаралы жанына жұбаныш болды. Мириям әлгі ақсақалды қоңырау шалуға талпындырған Ехоба екеніне сенімді.

Дәрігер бір ерлі-зайыптыға қағаздар көрсетіп отыр.

Ехоба сізге көмектесу үшін басқа адамдарға қалай қозғау салуы мүмкін? (13, 14-абзацтарды қараңыз)

13. Ехоба дұғаларымызға жауап беру үшін сенуші емес адамдарды қолданатынына мысал келтіріңіз.

13 Сенуші емес адамдарды қолданады (Нақ. с. 21:1). Ехоба халқына көмектесіп, дұғаларына жауап беру үшін кейде сенуші емес адамдарды да қолданады. Мысалы, Нехемия Иерусалимге барып, қаланы қайта соққысы келгенде, Ехоба Артаксеркс патшаны оған рұқсат беруге талпындырады (Нех. 2:3—6). Бүгінде де Ехоба бізді құтқару үшін, өзіне қызмет етпейтін адамдарға қозғау салуы мүмкін.

14. Су Хиннің оқиғасы сізге несімен жігер береді? (Суретті де қараңыз.)

14 Су Хин деген әйел бауырласқа көмектесу үшін Ехоба дәрігерді қолданған екен. Ол бауырластың ұлы бірнеше психикалық дертпен ауырады. Бір күні ұлы өте ауыр оқыс жағдайға ұшырағанда, оған қарау үшін Су Хин мен күйеуіне жұмыстан шығуға тура келеді. Кейін ақшадан қатты қысылып, таршылық көреді. “Мен қиындықтың езгісінен әбден бүгіліп, сынуға шақ қалдым”,— дейді Су Хин. Ол ішіндегісінің бәрін Ехобаға айтып, одан көмек сұрайды. Кейін ұлының қаралатын дәрігері оларға қол ұшын беріп, нәтижесінде олар үкіметтен көмек алады және қалталары көтеретін баспана табады. “Бұл көмектің артында Ехоба тұрды. Ол шынымен де дұғаларды тыңдайды”,— дейді Су Хин (Зәб. 65:2).

ЕХОБАНЫҢ ЖАУАБЫН КӨРУГЕ ӘРІ ҚАБЫЛДАУҒА СЕНІМ КЕРЕК

15. Бір әйел бауырласқа дұғаларына жауап алып жатқанын түсінуге не көмектесті?

15 Ехоба дұғаларымызға ылғи да ерекше жолдармен жауап бере бермейді. Бірақ берген жауаптары оған адал болып қалуымызға көмектеседі. Сондықтан Ехоба дұғаларымызға қалай жауап беріп жатқанын байқап жүрейік. Мысалы, Йоко бауырлас мінажаттары елеусіз қалып жатқандай сезінген. Бірақ ол Ехобадан сұрағандарын жазып жүруді ұйғарады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін, қойын дәптерін ашып қараса, Ехоба дұғаларының көбісіне жауап берген екен! Тіпті өзі ұмытып кеткен дұғаларына да жауап алған. Арагідік біз де кідіріп, Ехоба дұғаларымызға қалай жауап беріп жатқаны жайлы ойланып тұруымыз керек (Зәб. 66:19, 20).

16. Дұға неліктен сенімді талап етеді? (Еврейлерге 11:6)

16 Біз дұға айтқанда, оны сеніммен айтамыз. Алайда оның жауабын қабылдау үшін де сенім керек, өйткені ол біз ойлағандай болмауы мүмкін (Еврейлерге 11:6 оқыңыз). Мысалы, Майк пен Крисси есімді ерлі-зайыпты Бетелде қызмет етуге ұмтылатын. “Біз Бетелге өтініш қағазын қаншама рет толтырдық, бұл жайлы талай дұға айттық, бірақ сонда да шақырылмадық. Алайда бізді қалай қолдануды Ехоба жақсырақ біледі ғой”,— дейді Майк. Сөйтіп, Майк пен Крисси әрі қарай да барларын салып, қызмет ете берді. Олар қажеттілік бар жерде тұрақты ізашар болып қызмет етті және теократиялық құрылыс жобаларына да қатысты. Ал қазір болса аралаушылық қызметте жүр. Майк былай дейді: “Ехоба өтінішімізге біз күткендей жауап бермегенмен, ол дұғамызды жауапсыз қалдырмайтын және оның жауаптары біз ойлағаннан әлдеқайда күшті болатын”.

17, 18. Зәбүр 86:6, 7-ге сай, біз не нәрсеге сенімді бола аламыз?

17 Зәбүр 86:6, 7 оқыңыз. Зәбүр жыршысы Дәуітті алсақ, ол Ехоба оның дұғаларын тыңдайтынына және жауап беретініне еш күмәнданбаған. Біз де осыған сенімді бола аламыз. Осы мақаладағы оқиғалар көрсететіндей, Ехоба қиындықтарды еңсеруге даналық пен күш береді. Сондай-ақ ол бізге көмектесу үшін рухани отбасымызды, тіпті оған ғибадат етпейтін адамдарды да қолдана алады.

18 Ехоба дұғамызға үнемі біз қалағандай жауап бермесе де, жауапсыз қалдырмайды. Ехоба бізге дәл керегін береді және оны ең дұрыс уақытта істейді. Сонымен, Ехоба қазірдің өзінде қамыңызды жасайтынына және жаңа дүниеде “барша тіршілік иелерінің қажетін беретініне” сенімді бола отырып, дұға етуді доғармаңыз (Зәб. 145:16).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Неге Ехоба дұғамызға біз ойлағандай жауап бермеуі мүмкін?

  • Ехоба дұғамызға қандай жолдармен жауап беруі мүмкін? Мысал келтіріңіз.

  • Дұғамызға жауап күтіп жүрсек, неге бізге сенім керек болуы мүмкін?

46-ӘН Ехоба, рақмет!

a Дұғаларымыз Ехобаның еркіне сай болса, ол жауап беремін деп уәде етеді. Қиындық көргенде дұға айтсақ, ол бізге адалдық сақтап қалуға міндетті түрде көмектеседі. Ал Ехоба дұғаларға қалай жауап береді? Қазір сол туралы білеміз.

b Шайтанға жер бетіне билік етуге Ехоба не үшін жол бергенін білу үшін, 2017 жылдың маусымында шыққан “Күзет мұнарасының” “Маңызы зор мәселені назарда ұстайық” деген мақаласын қараңыз.

c Кейбір есімдер өзгертілген.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Анасы мен қызы шетелге босқын болып келді. Бауырластар оларды құшақ жая қарсы алып, көмектерін ұсынып жатыр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2025 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу