Қазан
1 қазан, сәрсенбі
Көктен келген даналық... мойынсұнуға дайын (Жақ. 3:17).
Сізге мойынсұну қиын ба? Дәуітке де қиын болған. Ол Ехобаны жақсы көрсе де, бірде: “Бойымда бойсұнушылық рухын оятшы”,— деп дұға еткен (Зәб. 51:12). Бізге неге мойынсұну оңай емес? Біріншіден, біз тумысымыздан мойынсұнбауға бейімбіз. Екіншіден, Шайтан бізді өзі сияқты билікке қарсы шығуға түртпектейді де тұрады (Қор. 2-х. 11:3). Үшіншіден, айналамыздағы адамдардың бәрінде “тілазар адамдарға әсер етіп жатқан рух”, яғни бүлікшіл рух бар (Ефес. 2:2). Сондықтан бізге іштей күнәкар болмысымызбен күресумен қатар, сырттай Шайтан мен мына дүниенің ықпалына да қарсы тұру керек. Демек, Ехобаға және ол тағайындаған билік иелеріне мойынсұну үшін көп күш салуымыз керек. w23.10 6-б., 1-абз.
2 қазан, бейсенбі
Сен болсаң жақсысын осы уақытқа дейін сақтап қойыпсың (Жох. 2:10).
Суды шарапқа айналдырғанынан Исадан кішіпейілділікке үйренеміз. Бұл кереметіне я болмаса жасаған басқа да істеріне мақтану оған мүлде жат болған. Ол кішіпейілділікпен барлық мадақ-марапатты Әкесіне жаудырудан талмаған (Жох. 5:19, 30; 8:28). Исаны үлгі етсек, біз де өзімізді кіші тұтып, жетістіктерімізге мақтанбаймыз. Өзімізді көтермелемей, өзіне қызмет ету мәртебесін сыйлаған тамаша Құдайымызды даңқтайық (Ерм. 9:23, 24). Оны өзіне тиесілі мадаққа бөлейік. Расында да, Ехобаның демеуінсіз біз ештеңеге де қол жеткізе алмас едік! (Қор. 1-х. 1:26—31). Иә, кішіпейіл адам біреуге жасаған жақсылығын айтып, өзіне марапат тілемейді. Қайта, Ехоба оның еңбегін көріп тұрғанын және бағалайтынын қанағат тұтады (Матай 6:2—4 салыстырыңыз; Евр. 13:16). Исаға еліктеп, өзін кіші тұтатын бауырлас қашанда Ехобаға ұнамды болып, оның көңілінен шығады (Пет. 1-х. 5:6). w23.04 4-б., 9-абз.; 5-б., 11, 12-абз.
3 қазан, жұма
Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар (Філіп. 2:4).
Киелі рухтың жетелеуімен Пауыл бізді өзімізден бұрын басқалардың қамын ойлауға шақырған. Бұл кеңесті қауым кездесуінің талқылау бөлігінде қолдансақ болады. Қалай дейсіз бе? Басқалар да біз сияқты жауап бергісі келетінін есте ұстаумен. Мысалы, достарымызбен бас қосқанда, басқаларға сөз бермей, өзіміз ғана сөйлеп отырмаймыз ғой?! Біз олардың да сөйлеп, әңгімеге қосылып отырғанын қалаймыз. Сол сияқты, қауым кездесулерінде талқылауға басқалар да атсалысса екен дейміз. Өйткені бұл — бауырластарды жігерлендірудің ең жақсы жолдарының бірі (Қор. 1-х. 10:24). Сондықтан түсініктемеңіз қысқа болсын. Сонда басқаларға да жауап беруге уақыт қалады. Түсініктемеңіз қысқа болғанымен, тым көп ойды қамтып кетпесін. Абзацтағы барлық ойды айтсаңыз, басқалардың алып-қосары болмай қалады. w23.04 22, 23-б., 11—13 абз.
4 қазан, сенбі
Мен барлығын ізгі хабар үшін әрі оны өзгелерге жариялау үшін істеп жүрмін (Қор. 1-х. 9:23).
Өмірімізде өзгерістер болғанда, басқаларға көмектесуді, әсіресе уағыз ісінде белсенді болуды ұмытпауымыз керек. Қызметте иліккіш бола білгеніміз өте маңызды. Себебі біз сенімі, көзқарасы мен шыққан ортасы әртүрлі адамдарды кездестіреміз. Бұл жағынан елші Пауыл керемет үлгі қалдырған. Иса оны “басқа ұлттарға елші” етіп жіберген болатын (Рим. 11:13). Сондықтан ол яһудилер мен гректерге, зиялылар мен қарапайым шаруаның адамдарына, сондай-ақ шенділер мен патшаларға да уағыздаған. Осындай әртүрлі адамдардың жүрегіне жол табу үшін ол “қолдан келгеннің бәрін істеді” (Қор. 1-х. 9:19—22). Пауыл әр адамның өскен ортасын, сенімін байқай біліп, сөзін соған сай бейімдеген. Біз де бейімделгіш болып, әр адамға көмектесудің жолын таба білсек, қызметіміз жемісті болады. w23.07 23-б., 11, 12-абз.
5 қазан, жексенбі
Иеміздің құлы жанжалдаспау керек. Ол бәріне мейірбан,.. болу керек (Тім. 2-х. 2:24).
Жұмсақтық — әлсіздіктің емес, күштіліктің белгісі. Арандататын жағдайда өз-өзін ұстап, сабыр сақтау үшін адамның рухы мықты болу керек. Жұмсақтық “киелі рухтың жемісіне” кіреді (Ғал. 5:22, 23). “Жұмсақтық” деп аударылған грек сөзі қолға үйретілген асау атқа қатысты да қолданылған. Асау ат жуасығанымен, оның күші ешқайда да кетпейді ғой. Сол сияқты біз де жұмсақ болуды үйренсек, мықты бола түсеміз. Бірақ бұл қасиетті өз күшімізбен дамыта алмаймыз. Біз Ехобадан киелі рух сұрап, осы көркем қасиетті дамытуға көмектесуін өтінуіміз керек. Көп бауырлас жұмсақ болуды үйреніп, жанжалдасқысы келген адамдарға мейіріммен жауап бере алған. Соның арқасында сырттан бақылап тұрған адамдар Куәгерлер жайлы жақсы пікірде қалған (Тім. 2-х. 2:24, 25). w23.09 15-б., 3-абз.
6 қазан, дүйсенбі
Сол кезде мен Ехобадан мына баланы сұрап жалбарынған едім, ол тілеуімді орындады (Сам. 1-ж. 1:27).
Елші Жохан бір таңғажайып аянда көкте Ехобаға ғибадат етіп жатқан 24 ақсақалды көрді. Олар Құдайдың “даңққа, құрмет пен күш-құдіретке лайық” екенін айтып мадақтап жатты (Аян 4:10, 11). Адал періштелерде де Ехобаны даңқтайтын себептер өте көп. Неге? Періштелер Ехобаның қасында болғандықтан, оны өте жақсы танып-білген. Олар Ехобаның әрбір ісінен керемет қасиеттерін көргенде, оған еріксіз мадақтарын жаудырады (Әйүп 38:4—7). Біз де періштелер сияқты Ехобаны дұғамызда мадақтап, оны жақсы көретінімізді айтып, оған алғысымызды білдірейік. Киелі кітапты оқып-зерттегенде, Ехобаның тамаша қасиеттеріне назар аударыңыз (Әйүп 37:23; Рим. 11:33). Қай қасиеті сізді ерекше тамсандырды, сізді қандай ерекше сезімге бөледі — соны Ехобаға айтып беріңіз. Бұған қоса, Ехобаның жеке сіз үшін және бүкіл бауырластық үшін жасап жатқан жақсылықтарын айтып мадақтаңыз (Сам. 1-ж. 2:1, 2). w23.05 3, 4-б., 6, 7-абз.
7 қазан, сейсенбі
Ехобаның есіміне лайықты өмір сүріңдер (Қол. 1:10).
1919 жылы Құдай халқы Ұлы Бабылдың құрсауынан босап шықты. Сол жылы “адал да ақылды құл” пайда болып, жаңадан ашылған “Қасиетті жолға” ақжүрек адамдарды шақыра бастады (Мат. 24:45—47; Ишая 35:8). Бұл жолға аяқ басқандар өткен заманда жол даярлап кеткен кісілердің еңбегінің жемісін көріп, Ехобаның ниеті жайлы білімдерін молайтты (Нақ. с. 4:18). Сондай-ақ өмірлерін Ехобаның талаптарына сай келтіре бастады. Бірақ Ехоба оның халқы барлық жағынан өзгеріп, бірден тазарып кетеді деп күтпеді. Оларды уақыт өте бірте-бірте тазартып отырды. Болашақта не істесек те, біз Ехобаның көңілінен шығатын боламыз. Бұл неткен бақыт десеңізші! Кез келген жолға жөндеу жұмыстары жасалып тұру керек. Ұлы Бабылдан көбірек адам шығу үшін, 1919 жылдан бері “Қасиетті жолда” да жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрды. w23.05 17-б., 15, 16-абз.
8 қазан, сәрсенбі
Мен сені ешқашан қалдырмаймын (Евр. 13:5).
Басқарушы кеңестің әртүрлі комитеттеріндегі көмекшілерін де Басқарушы кеңестің өзі тікелей үйретеді. Қазіргі таңда бұл көмекшілер ұйымда көп жауапкершіліктерді адал атқарып жүр. Майланғандар кеткен соң, олар Мәсіхтің қойларының қамын жасауға сақадай сай тұр. Зор алапаттың аяғына таман соңғы майланғандар көкке алынғанда, жер бетінде таза ғибадат қаз қалпында қалады. Иса Мәсіхтің жетекшілігімен Құдай халқы Ехобаға адал қызмет ете береді. Ол кезде Магог жеріндегі Гог, яғни одақтасқан халықтар бізге шабуылдайтыны рас (Езек. 38:18—20). Бірақ қысқа уақытқа ғана созылатын бұл шабуылдан түк те шықпайды. Олар Ехобаға ғибадат етуімізге еш бөгет жасай алмайды. Ехоба халқын міндетті түрде құтқарып қалады! Елші Жохан аянда Мәсіхтің басқа қойларынан құралған “ұлы жамағатты” көрген. Оған бұл “ұлы жамағаттың... зор алапаттан өткені” айтылды (Аян 7:9, 14). Демек, олар аман қалады! w24.02 5, 6-б., 13, 14-абз.
9 қазан, бейсенбі
Рухтың жалынын өшірмеңдер (Сал. 1-х. 5:19).
Киелі рухқа кенелу үшін не істеген жөн? Оны дұғада Ехобадан сұрасақ болады. Сондай-ақ киелі рухтың жетелеуімен жазылған Сөзін зерттесек және сол рух бағыттаған ұйымның шараларына атсалыссақ болады. Сонда бойымызда “киелі рухтың жемісін” дамыта аламыз (Ғал. 5:22, 23). Құдай өз рухын ойы да, жүріс-тұрысы да таза адамға беретінін есте ұстайық. Ал егер жаман ойларға қайта-қайта беріліп, барып соны істейтін болсақ, Ехоба бізге рухын бермей қояды (Сал. 1-х. 4:7, 8). Киелі рухтан айырылып қалмау үшін, “пайғамбарлықтарға немкетті қарап” кетпеуіміз де керек (Сал. 1-х. 5:20). Мұндағы “пайғамбарлықтар” деген Ехобаның күні мен осы заманның аяғы жақындап қалғанына байланысты рухтың жетелеуімен берілген хабарларды білдіреді. Біз Армагеддон менің кезімде келе қоймайды деп ойлап, сол күнді ойша алыстатпаймыз. Керісінше, сол күнді есте мықтап ұстап, жүріс-тұрысымызды таза сақтаймыз және “Құдайға шын берілген адамдарға тән” іс-әрекеттер жасаймыз (Пет. 2-х. 3:11, 12). w23.06 12-б., 13, 14-абз.
10 қазан, жұма
Даналықтың бастауы — Ехобадан қорқу (Нақ. с. 9:10).
Құрылғымыздың экранынан ұятсыз сурет шыға келсе, не істегеніміз жөн? Одан бірден көзімізді алып, ондай суретті жауып тастау керек. Сондайда өмірімізде ең қымбат нәрсені — Ехобамен қарым-қатынасымызды — ойға алсақ, одан ойланбай бас тартамыз. Кейбір суреттер порнографияға жатпағанмен, адамның жыныстық құмарлығын өршітуі мүмкін. Неге солардан да аулақ болғанымыз дұрыс? Өйткені оларды көру — ойымызда азғындық жасауға апаратын алғашқы қадам (Мат. 5:28, 29). Тайландта тұратын Дэйвид есімді ақсақал былай дейді: “Порнография емес қой деп, суретке қарап тұра бергенім Ехобаға ұнай ма деп ойланамын. Бұл маған дұрыс әрекет етуге көмектеседі”. Ехобаға ұнамсыз болып қалудан қорықсақ, даналықпен әрекет етеміз. w23.06 23-б., 12, 13-абз.
11 қазан, сенбі
Халқым, барып, ішкі бөлмелеріңе кіріңдер (Ишая 26:20).
Мұндағы “ішкі бөлмелер” қауымдарды білдірсе керек. Демек, қауымдағы бауырластармен бірлік сақтап, иық тіресе қызмет етіп жүрсек, Ехоба зор алапатта бізді аман алып қалады. Сондықтан бауырластарға шыдап-төзіп қана қоймай, қазірден бастап оларды барынша жақсы көруге күш сала беруіміз қажет. Біздің аман қалу-қалмауымыз соған байланысты болып қалуы мүмкін! “Ехобаның ұлы күні” бүкіл адамзаттың басына ауыр қасірет болып тумақ (Соф. 1:14, 15). Сол кезде оның халқы да біраз ауыртпашылық көреді. Бірақ қазірден бастап дайындалсақ, сабырлы қалпымыздан айнымай, басқаларға да көмектесе аламыз. Қандай қиындық болса да, барлығына табандылықпен төтеп береміз. Бауырластарымыз қиналып қалса, жанашырлық танытып, оларға қол ұшын созамыз. Оларды қазірден бастап сүюге күш салғандықтан, сол кезде де тонның ішкі бауындай боламыз. Сонда Ехоба бізге апат пен алапат дегендер атымен жоқ болатын мәңгілік өмірді сыйлайды (Ишая 65:17). w23.07 7-б., 16, 17-абз.
12 қазан, жексенбі
Құдайдың өзі... сендерді нығайтып, күшейтеді, негіздеріңді берік етеді (Пет. 1-х. 5:10).
Құдай Сөзінде Ехобаның адал қызметшілері көбіне мықты адам ретінде сипатталған. Бірақ ең күшті дегендерінің өзі кейде өздерін әлсіз сезінген. Мәселен, Дәуіт бірде “таудай мықты” боп тұрса, басқа бір кезде “қорқып дірілдеген” (Зәб. 30:7). Ал Самсонның бойына Ехобаның киелі рухының арқасында қара күш біткен. Бірақ Ехобаның күшінен айырылып қалғанда ол әлсіреп, “кәдімгі адам сияқты болып” қалған (Би. 14:5, 6; 16:17). Демек, бұл кісілер бір Ехобаның демеуімен ғана мықты бола алған. Ехобаның күшіне зәру екенін елші Пауыл да мойындаған (Қор. 2-х. 12:9, 10). Ол аурумен арпалысқан (Ғал. 4:13, 14). Кейде өзінің дұрыс әрекет ете алмағанына қынжылған (Рим. 7:18, 19). Алдан не күтерін білмей, уайым мен шарасыз күй кешкен кездері де болған (Қор. 2-х. 1:8, 9). Бірақ әлсіз кезінде де Пауыл күшті бола алды, өйткені Ехоба оған бәріне төзе алатындай күш беріп, нығайтты. w23.10 12-б., 1, 2-абз.
13 қазан, дүйсенбі
Ехоба жүрегіне қарайды (Сам. 1-ж. 16:7).
Өзіңізді лайықсыз, түкке тұрғысыз сезінсеңіз, Ехобаның өзі әрбірімізді өзіне жақындатып тартқанын ұмытпаңыз (Жох. 6:44). Ол бойымызда бар, бірақ өзіміз байқамайтын жақсы қасиеттерді көреді және жүрегімізді өзімізден де жақсы біледі (Шеж. 2-ж. 6:30). Сондықтан ол бізге “сен маған бағалы жансың” дегенде, оған сенуіміз керек (Жох. 1-х. 3:19, 20). Кейбіріміз шындыққа дейінгі істерімізге өзімізді әлі күнге дейін кінәлі сезінеміз (Пет. 1-х. 4:3). Ал басқаларымыз шындықта жүріп те әлсіздіктерімізбен күресеміз. Сізді ар-ұжданыңыз айыптап жүрсе, мұңаймаңыз. Мұндай сезімдер кезінде Ехобаның адал қызметшілерінде де болған. Мысалы, елші Пауылдың кемшіліктері жанына қатты батқан (Рим. 7:24). Ол бұрынғы күнәларына өкініп қойса да, тіпті шомылдыру рәсімінен өтсе де, өзі жайлы “мен елшілердің ең кішісімін”, “күнәкарлардың... ішіндегі ең күнәкары менмін” деген (Қор. 1-х. 15:9; Тім. 1-х. 1:15). w24.03 27-б., 5, 6-абз.
14 қазан, сейсенбі
Халық... Ехобаның үйін тастап кетті (Шеж. 2-ж. 24:18).
Жоғас патшаның оқиғасынан үйренеріміз — біз өзімізге жақсы ықпал ететін адамдармен достасуымыз керек, яғни Ехобаны жақсы көретін, оның көңілінен шыққысы келетін адамдармен. Бірақ досты тек өз қатарластарымыздан іздеуіміз керек деп ойламайық. Мәселен, Жоғастың досы Еходай одан анағұрлым үлкен болған. Достарың жайлы былай деп ойланып көрсең болады: “Олармен араласқанда Ехобаға деген сенімім өсе ме? Олар мені Ехобаның нормаларымен өмір сүруге талпындыра ма? Ехоба жайлы және оның керемет шындықтары жайлы айта ма? Құдайдың нормаларын құрметтеп, ұстана ма? Қате бағыт алып бара жатсам, құлағыма жағатын сөзді айта ма, әлде батыл түзете ме?” (Нақ. с. 27:5, 6, 17). Турасын айтар болсақ, Ехобаны сүймейтін достардың саған керегі жоқ. Ал Ехобаны сүйетін достарыңнан еш айырылма, өйткені олардың саған берері мол (Нақ. с. 13:20). w23.09 9-б., 6, 7-абз.
15 қазан, сәрсенбі
Мен Альфа және Омегамын (Аян 1:8).
Альфа — грек әліпбиінің алғашқы әрпі, ал омега — соңғысы. Демек, Ехоба бір істі бастаса, оны міндетті түрде соңына жеткізетінін айтқысы келген. Ехоба Адам мен Хауаны жаратқаннан кейін оларға былай деді: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер” (Мұс. 1-ж. 1:28). Осы ниетін айтқан кезде Ехоба “Альфа” дегендей болды. Ал болашақта Адам мен Хауаның мойынсұнғыш кемелді ұрпақтары жер бетін толтырып, жұмаққа айналдырған кезде Ехобаның ниеті толықтай орындалып, ол “Омега” дегендей болады. “Аспан мен жер және ондағының бәрін жаратқан” соң, Ехоба ниетінің сөзсіз жүзеге асатынына кепілдік берген. Ехоба жетінші күнді адамзат пен жерге қатысты ниеті толықтай орындалып бітетін күн деп белгілеп қойған. Бұл жетінші күннің соңында Ехобаның ниеті міндетті түрде жүзеге асады деген сөз (Мұс. 1-ж. 2:1—3). w23.11 5-б., 13, 14-абз.
16 қазан, бейсенбі
Ехобаға жол даярлаңдар! Құла түз арқылы Құдайымызға тегіс етіп даңғыл жол салыңдар (Ишая 40:3).
Бабыл мен Исраилдің арасындағы жол ауыр болған әрі оны жүріп өтуге шамамен төрт ай кететін. Бірақ Ехоба осы сапарда қандай кедергі болса да, бәрін алып тастайтынын уәде етті. Адал еврейлер болса Исраилге қайту үшін кез келген құрбандыққа баруға дайын болды. Өйткені олар Исраилде Ехобаға емін-еркін ғибадат ете алатындарын ойлады. Ал Бабылда Ехобаға арналған бірде-бір ғибадатхана болмады. Оның үстіне, Мұса Заңы бойынша құрбандық шалайын десе, құрбандық ошағы жоқ, оны шалатын діни қызметкерлер де болмады. Бұған қоса, олардың айналасы толған жалған ғибадат етушілер еді. Олар Ехобаны да, оның заңдарын да пысқырмайтын. Сондықтан Құдайдан қорқатын мыңдаған еврейлер отандарына оралып, таза ғибадатты қалпына келтіруге асықты. w23.05 14, 15-б., 3, 4-абз.
17 қазан, жұма
Жарықтың балаларындай өмір сүріңдер (Ефес. 5:8).
“Жарықтың балаларындай” әрекет ете беру үшін бізге Құдайдың киелі рухы аса қажет. Себебі мына азғын дүниеде таза болып қалу қиын (Сал. 1-х. 4:3—5, 7, 8). Киелі рух бізге Құдайдың көзқарасына қайшы келетін осы дүниелік пікірлерге қарсы тұруға көмектеседі. Сонымен қатар осы рухтың көмегімен біз “әртүрлі игі, әділ” істер жасай аламыз (Ефес. 5:9). Киелі рухты алу үшін оны дұғада сұрауымыз қажет. Иса айтып кеткендей, Ехоба “өзінен сұрағандарға киелі рух беретіні еш шүбәсіз” (Лұқа 11:13). Қауым кездесулерінде бас қосып, Ехобаны мадақтағанда да біз киелі рухқа кенелеміз (Ефес. 5:19, 20). Осылайша киелі рухтың игі әсері бізді Құдайға ұнамды өмір сүруге талпындырады. w24.03 23, 24-б., 13—15 абз.
18 қазан, сенбі
Сұрай беріңдер, сонда беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда ашылады (Лұқа 11:9).
Шыдамдылығыңызды шыңдағыңыз келе ме? Онда шыдамдылық сұрап дұға етіңіз. Шыдамдылық киелі рухтың жемісіне жатады (Ғал. 5:22, 23). Сондықтан осы қасиетті бойымызда дамыту үшін Ехобадан киелі рух сұрап дұға етсек болады. Шыдамдылығымыз сынға алынған жағдайларда Ехобадан “сұрай беретін” болсақ, киелі рух бізге шыдамды болуға көмектеседі (Лұқа 11:13). Сонымен қатар біз Ехобадан жағдайға оның көзқарасымен қарауға көмектесуін сұрай аламыз. Ал кейін, дұғамызға сай, әр күні сабырлы болуға барынша тырысқанымыз жөн. Біз неғұрлым шыдамдылық сұрап дұға етіп, күш сала берсек, соғұрлым бұл қасиет жүрегімізде тамыр жайып, болмысымыздың бір бөлігіне айналып кетеді. Киелі кітаптағы үлгілер жайлы ой жүгірткеніміз де шыдамды болуға көмектеседі. Киелі кітапта шыдамдылық танытқан адамдардың оқиғалары көп. Солардың үлгілерін ой елегімізден өткізсек, шыдамдылық танытудың жолдарын үйренеміз. w23.08 22, 23-б., 10, 11-абз.
19 қазан, жексенбі
Суға ау салыңдар (Лұқа 5:4).
Иса Петірге Ехобаның оны қамқорлайтынын көрсетті. Қайта тірілген соң ол Петір мен басқа елшілеріне тағы бір керемет жасап, олар өте көп балық ұстады (Жох. 21:4—6). Осы кереметтен Петір Ехоба оның қажеттілігін қамдап, нан-сусыз қалдырмайтынын түсінді. Сол кезде Исаның “Құдай Патшалығын... әрдайым бірінші орынға қойсаңдар”, қалғанын Ехоба қамдайды деген сөздері ойына келген шығар (Мат. 6:33). Содан кейін Петір балық аулау кәсібіне емес, қызметіне басымдық беруді шешті. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында ол батыл уағыздап, мыңдаған адамның шындыққа келуіне көмектесті (Ел. іс. 2:14, 37—41). Кейін оның атсалысуымен көптеген самариялықтар мен басқа ұлт адамдары Мәсіхтің соңынан ерді (Ел. іс. 8:14—17; 10:44—48). Осылайша Ехоба Петірді қолданып, әртүрлі адамдарды қауымға қосты. w23.09 20-б., 1-абз.; 23-б., 11-абз.
20 қазан, дүйсенбі
Егер қандай түс көргенімді айтып, оны жорып бермесеңдер, сендерді мүшелеп шауып тастаймын (Дан. 2:5).
Иерусалимнің күйрегенінен шамамен екі жылдан кейін болған бір жағдайды алайық. Бабыл патшасы Навуходоносор түсінде ғаламаттай үлкен бір мүсінді көреді. Сөйтіп, данышпандарының барлығына, соның ішінде Даниял да бар, түсінде не көргенін және ол нені білдіретінін айтып беруді бұйырады. Әйтпесе бәрін өлтіретінін айтады (Дан. 2:3—5). Даниял шұғыл әрекет етпесе, көп адам қырылайын деп тұрды. Содан ол “патшаға барып, одан түсінің мәнін айту үшін уақыт беруді сұрайды” (Дан. 2:16). Бұған дейін Даниял ешқашан түс жорып көрмесе керек. Десе де ол сенім мен батылдық танытты. Содан Даниял достарына барып: “Көктегі Құдайдан рақым етіп, осы құпияны ашып беруін сұраңдар”,— деп тапсырады (Дан. 2:18). Ехоба олардың дұғаларына жауап беріп, Даниял Навуходоносордың түсін жорып береді. Осылай өзінің де, достарының да жаны аман қалады. w23.08 2-б., 4-абз.
21 қазан, сейсенбі
Соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады (Мат. 24:13).
Шыдамды болудың пайдасы жайлы ойланыңыз. Шыдамды болсақ, бақытты боламыз, әрі жанымыз тыныш болады. Сондай-ақ жан саулығымыз бен денсаулығымыз да жақсарады. Өзгелерге шыдамды болсақ, олармен арақатынасымыз да жақсы болады, қауымның да бірлік-берекесі бұзылмайды. Біреу ызамызға тигенде, ашулануға асықпасақ, жағдайды ушықтырмаймыз (Зәб. 37:8 сілт.; Нақ. с. 14:29). Бәрін айт та, бірін айт — ең бастысы көктегі Әкемізге еліктеп, оған жақындай түсеміз. Расымен де, шыдамдылық тартымды да, кәдеге жарар қасиет. Үнемі шыдамдылық таныту оңай емес, әрине. Бірақ Ехобаның көмегімен біз бұл қасиетті шыңдай аламыз. Жаңа дүниені сабырмен күте жүріп, сенімді болайық: “Ехоба өзінен қорқатындарға, Айнымас сүйіспеншілігіне үміт артатындарға назарын тігеді” (Зәб. 33:18). Ендеше, “сабыр түбі — сары алтын” демекші, барлығымыз осы әсем қасиетті таныта берейік! w23.08 22-б., 7-абз.; 25-б., 16, 17-абз.
22 қазан, сәрсенбі
Іс-әрекетсіз болса, сенім де өлі (Жақ. 2:17).
Жақып адам сенімім бар дегенмен, істегені сөзіне сай емес екенін айтты (Жақ. 2:1—5, 9). Сондай-ақ ол бауырласының киер киім мен күнделікті асқа зәру екенін көре тұра, жәрдем бермеген адам туралы айтты. Мұндай адам Құдайға сенемін дей тұра, бұнысын ісімен көрсетпесе, сенімінен не пайда?! (Жақ. 2:14—16). Жақып сенімін іспен дәлелдеудің үлгісі ретінде Рахабты келтірген (Жақ. 2:25, 26). Рахаб Ехоба жайлы естіп, оның өз халқын қалқалап келе жатқанын түсінді (Ешуа 2:9—11). Сөйтіп, бастарына қауіп төнген екі исраилдік тыңшыны аман алып қалып, сенімін іспен көрсетті. Осылай ол кемелсіз болса да, Исраил халқынан шықпаса да, тура Ыбырайым сияқты әділ деп жарияланды. Рахабтың үлгісінен біз сенімнің іс-әрекетпен қатар жүруі керектігін түсінеміз. w23.12 5-б., 12, 13-абз.
23 қазан, бейсенбі
Сенімге терең тамыр жайып, негіздеріңде берік тұрсаңдар екен (Ефес. 3:17).
Біз Киелі кітаптың тек негізгі ілімдерін біліп, таяз түсінікпен шектеліп қалғымыз келмейді. Киелі рухтың көмегімен “Құдайдың терең даналығын да зерттеуіміз” қажет (Қор. 1-х. 2:9, 10). Мәселен, Ехобаға жақындай түсуге көмектесетін тақырыптарда жеке зерттеу жүргізсеңіз болады. Бұл үшін, мысалы, “Ехоба ежелдегі қызметшілеріне қалай сүйіспеншілік танытқан? Оның мені де сүйетінін бұл қалай дәлелдейді?” деген сұрақтар бойынша ізденсеңіз болады. Я болмаса “ежелгі Исраилде Ехобаға ғибадат ету үшін қандай іс-шаралар ұйымдастырылған? Бұл іс-шаралардың қазіргі таңдағы біздің ғибадатымызбен қандай ұқсастығы бар?” деген сұрақтар жайлы оқып-зерттеңіз. Немесе Иса жерде өмір сүріп, қызмет еткенде қандай пайғамбарлықтар орындалғанын егжей-тегжейлі қарастырыңыз. “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткіші” және “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралының” көмегімен осы тақырыптарды тереңірек қазсаңыз, мол қызығына батасыз. Сондай-ақ сеніміңіз тастай берік болады әрі “Құдай туралы білімді” табасыз (Нақ. с. 2:4, 5). w23.10 18, 19-б., 3—5 абз.
24 қазан, жұма
Бәрінен бұрын, бір-біріңді барынша сүйіңдер, өйткені сүйіспеншілік көптеген күнәні жабады (Пет. 1-х. 4:8).
Елші Петір осы тармақтың екінші жартысында біз бауырластарды “барынша сүйсек”, олардың көптеген күнәларын жаба алатынымызды айтқан. Мынадай мысал келтірсек болады: сырықтары мен дақтары көп үстелді елестетейікші. Сол үстелдің үстіне дастарқанды барынша жазып, жайып қойсақ, ол үстелдің бір-екі ғана емес, көптеген кем-кетігін жауып қалады. Сол сияқты бауырластарды “барынша сүйетін” болсақ, олардың бір-екі ғана емес, “көптеген күнәсін жабамыз”, яғни кешіреміз. Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз оларды кешіру қиын кездері де кешіре алатындай күшті болу керек (Қол. 3:13). Бауырластарымызды кешіру қолымыздан келіп жатса, сүйіспеншілігіміздің берік екенін және Ехобаға ұнамды болғымыз келетінін көрсетеміз. w23.11 11, 12-б., 13—15 абз.
25 қазан, сенбі
[Шафан] патшаның алдында кітапты оқи бастады (Шеж. 2-ж. 34:18).
Есейген соң Жосия патша ғибадатханаға жөндеу жұмыстарын жасатты. Сол жұмыстардың барысында “Мұса арқылы берілген Ехобаның Заң кітабы” табылды. Жосия патша сондағы сөздерді естігенде, бірден әрекетке кірісті (Шеж. 2-ж. 34:14, 19—21). Ал сен ше, Киелі кітапты күнде-күнде оқығың келе ме? Соған тырысып жүрген болсаң, қалай болып жатыр? Өзіңе пайдалы болатын тармақтарды бір жерге жинап жүрсің бе? Жосия 39-ға келгенде Ехобадан ақыл сұрамай, өз бетінше әрекет етті. Осының кесірінен тіпті өмірінен айырылып қалды (Шеж. 2-ж. 35:20—25). Бұдан маңызды сабақ аламыз: қанша жаста болсақ та, Киелі кітапты қашаннан бері зерттеп жүрсек те, Ехобаны әрі қарай да іздей беруіміз керек. Ал Ехобаны іздеу деген оның ақыл-кеңесіне жүгініп, Сөзін зерттеп, толысқан бауырластардың айтқанын тыңдауды білдіреді. Сонда сан соқтыратын қателіктерден аулақ болып, қуанышты өмір кешеміз (Жақ. 1:25). w23.09 12-б., 15, 16-абз.
26 қазан, жексенбі
Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, ал кішіпейілдерге рақымын төгеді (Жақ. 4:6).
Киелі кітапта Ехобаны жақсы көрген, оған қызмет еткен әйелдер көптеп табылады. Олар “қай нәрседе де адал болған” (Тім. 1-х. 3:11). Олардан және қауымыңдағы үлгі алуға тұрарлық әйел бауырластардан көп нәрсеге үйренсең болады. Ендеше, “рухани толысқан әйелдердің қайсысына қарап бой түзесем болады?” деп ойлан. Олардың адамды баурайтын әдемі қасиеттерін байқап, “бұл қасиеттерді мен қалай таныта аламын?” деп ой жүгірт. Толысқан мәсіхші болу үшін кішіпейіл болу аса маңызды. Әйел бауырлас кішіпейіл болса, ол Ехобамен де, басқалармен де жақсы қарым-қатынаста болады. Мысалы, Ехобаны сүйетін әйел ол орнатқан басшылық принципіне кішіпейілділікпен мойынсұнады (Қор. 1-х. 11:3). Қауымда және отбасында осы принципті ұстанудың өзіндік ерекше тұстары бар. w23.12 18, 19-б., 3—5 абз.
27 қазан, дүйсенбі
Күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек (Ефес. 5:28).
Ехоба күйеулерден әйелін асырайды, оған жақсы дос болады, рухани мықты болуға көмектеседі деп күтеді. Саналы болу, әйелдерді құрметтеу, сенімді ақтай білу сияқты қасиеттер мен қабілеттер саған жақсы күйеу болуға көмектеседі. Үйленгеннен кейін сен әке болуың мүмкін. Ал жақсы әке болуды сен Ехобадан үйрене аласың. Ехоба әкелерге қандай үлгі қалдырған? (Ефес. 6:4). Ол өзінің Ұлы Исаны жақсы көретінін әрі оған риза екенін ашық айтқан (Мат. 3:17). Әке болып жатсаң, сен де үнемі балаларыңды жақсы көретініңді айтып, сендіріп отыр. Жақсы істері үшін олардан мақтау сөзіңді аяма. Ехобаны үлгі тұтатын әкелер рухани толысқан ұл-қыздарды тәрбиелеп өсіреді. Бұл рөлге қазірден бастап дайындалу үшін үй ішіндегілерге және қауымдағыларға сүйіспеншілік танытып, қамқор бол. Оларды жақсы көретініңді, бағалайтыныңды айтып үйрен (Жох. 15:9). w23.12 28, 29-б., 17, 18-абз.
28 қазан, сейсенбі
Құдай сенің заманыңда тұрақтылық сыйлайды (Ишая 33:6).
Ехобаның адал қызметшілері барлық адамдар сияқты өмірдің тауқыметін тартады, ауру-сырқауға шалдығады. Одан қалса, Құдай халқын жек көретін адамдардан қарсылық пен қуғын көреді. Ехоба бізді сол қиындықтардың бәрінен қорғаштап отырмаса да, көмектесетінін уәде еткен (Ишая 41:10). Оның демеуімен ең қиын шақта да қуанышымызды жоғалтпай, дұрыс шешімдер қабылдап, оған адал болып қала аламыз. Ехоба бізге Киелі кітапта “Құдайдың тыныштығы” деп аталған тыныштықты береді (Філіп. 4:6, 7). Бұл Ехобамен достығымыздың арқасында сезінетін жантыныштығы мен жайбарақат күйді білдіреді. Ол — “адам ақылынан асқан”, яғни біз ойлағаннан да керемет тыныштық. Ехобаға жан-тәніңізбен дұға еткеннен кейін ерекше жантыныштығын сезінгенсіз бе? Міне, “Құдайдың тыныштығы” деген сол. w24.01 20-б., 2-абз.; 21-б., 4-абз.
29 қазан, сәрсенбі
Жаным Ехобаны мадақтасын, Тұла бойым киелі есімін даңқтасын! (Зәб. 103:1).
Ехобаны сүйгендіктен, адал қызметшілері оны жан-тәнімен мадақтайды. Дәуіт патша Ехобаның есімін даңқтау деген оның өзін даңқтау екенін түсінген. Есімінің астарында оның қандай Құдай екені, яғни тамаша қасиеттері мен таңғажайып істері жатыр. Дәуіт Әкесінің есімін киелі тұтуға және оны “тұла бойымен”, яғни бар жан-тәнімен мадақтауға асық болған. Леуіліктерге келсек, олар да Ехобаны мадақтауда жетекші рөл атқарған. Олар Ехобаның киелі есімін лайықты түрде мадақтауға ешқандай сөз жетпейтінін кішіпейілділікпен мойындаған (Нех. 9:5). Осындай кішіпейілділікпен, шын жүректен айтылған мадақты естігенде Ехобаның мейірленіп, риза болғаны сөзсіз. w24.02 9-б., 6-абз.
30 қазан, бейсенбі
Неге қол жеткізсек, сол бағыттан ауытқымай өмір сүре берейік (Філіп. 3:16).
Мақсатыңызға жетпегеніңіз үшін Ехоба сізді еш жазғырмайды (Қор. 2-х. 8:12). Сәтсіздіктерден сабақ алыңыз. Киелі кітапта: “Құдай әділетсіз емес. Ол атқарған... еңбектеріңді ұмытпайды”,— делінген (Евр. 6:10). Ендеше, бұны сіз де ұмытпаңыз. Осыған дейін қанша мақсатқа жеткеніңізді ойлаңызшы. Мысалы, Ехобамен достастыңыз, басқа адамдарға ол туралы айттыңыз және шомылдыру рәсімінен өттіңіз. Сол мақсаттарға ұмтылып, түбінде қол жеткізгеніңіздей, қазіргі мақсатыңызға да біртіндеп жақындай бересіз. Ехобаның көмегімен сіз де өз мақсатыңызға қол жеткізе аласыз. Мақсатыңызға жету жолында Ехобаның сізді қалай қолдап, батасын беріп жатқанын көріп, қуана біліңіз (Қор. 2-х. 4:7). Алған бетіңізден еш қайтпаңыз. Түбінде сізді бұдан да зор баталар күтіп тұр! (Ғал. 6:9). w23.05 31-б., 16—18 абз.
31 қазан, жұма
Әкемнің өзі сендерді жақсы көреді, өйткені сендер мені жақсы көресіңдер әрі Құдайдың өкілі ретінде келгеніме сенесіңдер (Жох. 16:27).
Ехоба өзін жақсы көретін адамдарына риза екенін білдіргенді ұнатады. Киелі кітапта ол Исаға риза екенін, оны жақсы көретінін ашық айтқан екі жағдай жазылған (Мат. 3:17; 17:5). Ехобаның сізге де риза екенін естігіңіз келе ме? Төрт Ізгі хабардағы Исаның сөздерін оқысаңыз, сіз де бейнелі мағынада Ехобаның даусын ести аласыз. Өйткені Иса Әкесіне ұқсайды, ол да тура сонікіндей қасиеттер танытады. Ендеше, Киелі кітап беттерінде Иса кемелсіздіктеріне қарамастан адал болып жүрген ізбасарларына риза екенін білдіріп жатса, тура сол сөздерді Ехоба маған айтып жатыр деп қабылдаңыз (Жох. 15:9, 15). Қиындыққа кезіккеніміз Құдайдың ықыласынан айырылып қалдық дегенді білдірмейді. Біз, қайта, ондай кездері Ехобаны қатты сүйетінімізді және оған сенім артатынымызды дәлелдей аламыз (Жақ. 1:12). w24.03 28-б., 10, 11-абз.