14 қазан, сейсенбі
Халық... Ехобаның үйін тастап кетті (Шеж. 2-ж. 24:18).
Жоғас патшаның оқиғасынан үйренеріміз — біз өзімізге жақсы ықпал ететін адамдармен достасуымыз керек, яғни Ехобаны жақсы көретін, оның көңілінен шыққысы келетін адамдармен. Бірақ досты тек өз қатарластарымыздан іздеуіміз керек деп ойламайық. Мәселен, Жоғастың досы Еходай одан анағұрлым үлкен болған. Достарың жайлы былай деп ойланып көрсең болады: “Олармен араласқанда Ехобаға деген сенімім өсе ме? Олар мені Ехобаның нормаларымен өмір сүруге талпындыра ма? Ехоба жайлы және оның керемет шындықтары жайлы айта ма? Құдайдың нормаларын құрметтеп, ұстана ма? Қате бағыт алып бара жатсам, құлағыма жағатын сөзді айта ма, әлде батыл түзете ме?” (Нақ. с. 27:5, 6, 17). Турасын айтар болсақ, Ехобаны сүймейтін достардың саған керегі жоқ. Ал Ехобаны сүйетін достарыңнан еш айырылма, өйткені олардың саған берері мол (Нақ. с. 13:20). w23.09 9-б., 6, 7-абз.
15 қазан, сәрсенбі
Мен Альфа және Омегамын (Аян 1:8).
Альфа — грек әліпбиінің алғашқы әрпі, ал омега — соңғысы. Демек, Ехоба бір істі бастаса, оны міндетті түрде соңына жеткізетінін айтқысы келген. Ехоба Адам мен Хауаны жаратқаннан кейін оларға былай деді: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер” (Мұс. 1-ж. 1:28). Осы ниетін айтқан кезде Ехоба “Альфа” дегендей болды. Ал болашақта Адам мен Хауаның мойынсұнғыш кемелді ұрпақтары жер бетін толтырып, жұмаққа айналдырған кезде Ехобаның ниеті толықтай орындалып, ол “Омега” дегендей болады. “Аспан мен жер және ондағының бәрін жаратқан” соң, Ехоба ниетінің сөзсіз жүзеге асатынына кепілдік берген. Ехоба жетінші күнді адамзат пен жерге қатысты ниеті толықтай орындалып бітетін күн деп белгілеп қойған. Бұл жетінші күннің соңында Ехобаның ниеті міндетті түрде жүзеге асады деген сөз (Мұс. 1-ж. 2:1—3). w23.11 5-б., 13, 14-абз.
16 қазан, бейсенбі
Ехобаға жол даярлаңдар! Құла түз арқылы Құдайымызға тегіс етіп даңғыл жол салыңдар (Ишая 40:3).
Бабыл мен Исраилдің арасындағы жол ауыр болған әрі оны жүріп өтуге шамамен төрт ай кететін. Бірақ Ехоба осы сапарда қандай кедергі болса да, бәрін алып тастайтынын уәде етті. Адал еврейлер болса Исраилге қайту үшін кез келген құрбандыққа баруға дайын болды. Өйткені олар Исраилде Ехобаға емін-еркін ғибадат ете алатындарын ойлады. Ал Бабылда Ехобаға арналған бірде-бір ғибадатхана болмады. Оның үстіне, Мұса Заңы бойынша құрбандық шалайын десе, құрбандық ошағы жоқ, оны шалатын діни қызметкерлер де болмады. Бұған қоса, олардың айналасы толған жалған ғибадат етушілер еді. Олар Ехобаны да, оның заңдарын да пысқырмайтын. Сондықтан Құдайдан қорқатын мыңдаған еврейлер отандарына оралып, таза ғибадатты қалпына келтіруге асықты. w23.05 14, 15-б., 3, 4-абз.